CaspianLife, 22 тамыз — Түркістанда суға батқан 11 адамға қатысты тергеу амалдары басталды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді, деп хабарлайды CaspianLife.
«Қазір іздеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар, тергеу органдары бұл оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Қайғылы оқиға болған жерде суға шомылу үшін тиісті жағдай жасалмаған. Ол жерге төрт отбасы демалуға барған. Лауазымды адамдардың жауапкершілігі тексеруден кейін анықталады», — деді С. Шәріпханов Үкіметте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, қайғылы оқиға кеше Отырар ауданында болған. Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында 11 адам суға түсуге арналмаған жерде суға түсіп, батып кетті. Олардың барлығы Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары. Құтқарушылар әзірге судан 8 мәйітті шығарды. Қазір олардың кім екені және жасы анықталып жатыр.
Қазір оқиға орнында 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмыс істеп жатыр. Іздестіру шаралары түнде де тоқтаған жоқ.