CaspianLife, 15 тамыз — Ақтауда қоғамдық 5 әжетхананы 87 миллион теңгеге сатып алған қалалық әкімдік қызметкерлеріне қатысты тексеру басталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің офицерлері мемлекеттік сатып алу процесінің қалай жасалғанын зерделей келе, заңсыздыққа жол берілгенін анықтапты. Модульдік әжетханалар қондырылғанмен, әлі пайдалануға берілмеген. Департамент қызметкерлері әлеуметтік желіде осы тақырыптың қызу талқыланып жатқанын байқаған соң бірден тексеріске кірістік дейді.
Біржан ХАЙРУЛЛИН, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі МОД басшысының бірінші орынбасары
«ТҮКШ жұмыстардың нақты орындалмағанына қарамастан шартқа қол қойғаннан кейін екі күннен соң жеткізушіге 87 миллион теңге көлеміндегі толық сумманы аударған. Бұл факт есепке алу кітабына тіркелді. Енді тиісті тергеу жүргізу үшін мемлекеттік аудит департаментіне жолданды. Аудиторлық тексеру бұзушылықтар расталған жағдадйда заңда бекітілген тәртіппен шаралар қолданатын болады.»
Еске салайық, Ақтау билігі қоғамдық 5 әжетхананы сатып алып, орналастыру үшін 87 миллион теңге жұмсады. Әрқайсысының құны шамамен 12 миллион теңге. Бірақ ақтаулықтар бұл сомаға облыс орталығынан екі бөлмелі пәтер сатып алуға болатындығын айтып, әкімдіктің бұл әрекетіне қынжылыс білдірген еді.