CaspianLife, 7 тамыз — Облыс көлеміндегі жазғы лагерьлердегі жағдай қандай? Атырау облыстық білім беру басқармасы пресс-тур ұйымдастырып, журналистерді Индер және Махамбет ауданындағы лагерьлерге апарды, деп хабарлайды CaspianLife.
Онда балалардың тыныс-тіршілігі, санитарлық-эпидемиологиялық норманың сақталуы, өрт қауіпсіздігі, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз ету жағына мән берілді. Бұл — Индер ауданына қарасты Елтай селосында орналасқан «Жас өркен» жазғы демалыс лагері. 2010 жылы ашылған. Сол уақыттан бері үздіксіз жазғы уақытта балаларды қабылдап келеді. 6 кезең бойынша аудандағы 16 мектептен, 1008 баланы қабылдау жоспарда. Мұнда көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардың балалары қабылданады. Мектеп оқушылары өздеріне бар жағдайдың жасалғандығын, бірақ үйді сағынып жүргендіктерін айтып, көздеріне жас толды. Балалар 5 мезгіл тамақтанады және уақытты көңілді өткізу үшін бұл жерде барлық жағдай жасалған. Оның ішінде волейбол, үстел теннисі, шахмат, сурет, домбырамен ән айту көркем сөз оқу алаңы бар. Оқушыларға «Индер балалар өнер мектебінің» ұстаздары дәріс береді.