Caspianlife, 14 шілде — Кеше сағат 16:00-де Атырау облысы Каспий теңізінің жағалауындағы 910 га құраған қамыс өрті сөндірілді, деп хабарлайды Caspianlife.
«Қазақстан Ғарыш сапары» космомониторингіне негізделген «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ақпаратына сәйкес, өрттің жалпы ауданы 910 га құрады.
Айта кетейік, 7 шілде күні сағат 09:30-да Атырау қаласының Кеңөзек селолық округінен 30 шақырым жерде Каспий теңізі жағалауының сулы, батпақты жерінде қамыс жанды. Жану ошақтары анықталғаннан кейін Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» МТР күштері мен құралдары дереу оқиға орнына жұмылдырылған болатын. Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы, аумақтың сулы, батпақты болуы, сондай-ақ қамыстың тығыз қалың өсуі өрт сөндірушілердің өртті тез арада сөндіруіне кедергі туғызды.
Өрт сөндіру автотехникасына өту жолдарының болмауына байланысты, өртті сөндіру жаяу түрде өрт сөндіргіштер мен хлопушкаларды қолдану арқылы және ТЖМ авиациясымен жүзеге асырылды. Қамыс өсімдіктерінің жануын сөндіру үшін Атырау облысы ТЖД-нен және «Ақжайық» МТР-нан барлығы 80 адам мен 14 бірлік техника және ТЖМ авиациясы жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері ТЖМ авиациясымен өрт ошақтарына барлығы 167 рет 500-ден астам тонна су төгілді.