Caspianlife, 13 шілде — Атырауда жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне арналған тренинг өтті, деп хабарлайды Caspianlife.
Іс-шара 14 шілдеге дейін жалғасады. Семинарды ұйымдастырған облыс әкімдігі республикаға танымал тренерлерді шақырыпты. Ұйымдастырушылардың сөзінше жастардың басын қосып, тренинг өткізгендегі мақсат – оларға қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, жұмыс істеу дағдыларын үйрету, жетілдіру. Тренингке 25 адам қатысты. Әуелі бір-бірімен танысқан олар кейін өзі, айналысатын кәсібі туралы айтты.
«Жан-жақтан жалпы осы облыс көлемінен, аудандардан, түрлі өзіміз секілді жас мамандар, басшылармен бас қосып жатырмыз. Мұндай бас қосулар жастар үшін пайдасы өте зор деп ойлаймыз. Себебі әрбір жаңа бас қосулар, жаңа таныстық, жаңа идеяларға түрткі болатыны ол сөзсіз. Сондықтан да біз бұл жерден пікір алмасамыз деп ойлаймыз» — деді Мақат аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әнуарбек Садықов.
«15-35 аралығында түрлі санаттағы адам бар. Олардың қажеттілігі, қызығушылығы қандай? Соларды ескере отырып, білім берудің формальды емес принциптеріне басымдық береміз. Оны қатысушылар жұмыс кезінде қолдана алады» — деді тренер Нұрлыбай Наурызбаева.