CaspianLife, 12 шілде — Мақат ауданында дала өрті кент шетінде орналасқан тұрғын үйлерге қауіп төндірді, деп хабарлайды CaspianLife.
Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері өрт аумағын қоршауға алды. Кейін құтқарушылар ерікті өрт сөндіру жасағымен бірге отты өшіруге кірісті. Аудандық телекоммуникация торабының қызметкерлері жедел штабтың жұмысын қамтамасыз етіп, байланыс желісін орнатты. Жалынды сөндіру кезінде еріктілердің бірі зардап шегіп, оған шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар «АтырауЖарық» компаниясының қызметкерлері оттың тоқ бағандарына шаппауына күш салса, «Атырау Су Арнасы» су таситын, «Доссормұнайгаз» МГӨБ жанар — жағармай көлігімен қолұшын созды. Осылайша аудандағы мекемелер қауіптің алдын алуға арналған оқу-жаттығуды жұмыла жүріп, ойдағыдай өткізді.
«Оқу-жаттығудың мақсаты бізде ауданымызда ерікті өрт сөндірушілердің дала өрті орын алған кезде дайындықтарын пысықтау. Жыл басынан бері бізде дала өрті тіркелмеген және соңғы бес жылда дала өрті тіркелген жоқ» — деді Мақат аудандық ТЖБ бастығы Аслан Камалов.
Сәтті өткен оқу-жаттығуға 11 мекемеден 70 адам қатысып, 15 арнайы техника жұмылдырылды. Жаттығудан кейін қатысушылар мен бақылаушылар аумақтағы штабқа жиналып, атқарған шаруаны талқылап, артық-кемі туралы айтты. Оқу-жаттығуды арнайы келіп қадағалаған Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаев мекемелердің шұғыл әрекет етуіне қатысты сын-ескерту беріп, ерікті өрт сөндіру жасағымен де жоспардан тыс жаттығу жұмыстарын өткізіп тұру керектігін ұсынды.