CaspianLife, 11 шілде — Қызылқоғада елорда күні «Жасай бер, жайна, Астана» деген атаумен тойланды, деп хабарлайды CaspianLife.
Іс-шараға жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев құттықтап, түрлі салада қызмет етіп жүрген 6 адамды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында аудан әкімдігі аппаратының қызметкері Сәндібек Ағашин , аудандық «Казсушар» өндірістік учаскесі, Индер-Миялы топтық су құбырының слесарь-жөндеушісі Бөкен Өтешев, Миялы ауылдық округінің қызметкері Наурызгүл Ожаева бар.
«Астана тек қана өзінің үлкен жүйелігімен ғана емес мынау халықтың тұрақты мекендеп бақыт табатын ордасына айналды. Оған себеп, жыл сайын арман қуып Астанаға барған өзіміздің ауылдастырымыз да бар, отандастарымыз да бар сол жерден өз бақытын тауып, қызметін тауып жұмыс жасап үлкен жобаларды жүзеге асырып келеді» — деді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев.
«Жастар» саябағында өткен іс- шараға ауыл тұрғындары көп жиналды. Олардың қатарында Астананың төл құрдастары да бар. Олар бас қаланы туған күнімен құттықтап дамуы жолында өз үлесін қосатынын қуанышпен жеткізді.
«Біздер Астананың құрдасы ретінде әлемдік аренаға өз орнын қалдыра білген және де тәуелсіз мемлекет екеніміздің айқын белгісі болатын келешегі кемел, болашағы жарқын Астанамыздың гүлденіп , жарқын болып, өсіп өзін көрсете алуына өз үлесімізді қосуымыз қажет деп ойлаймын. Астанамыз гүлдене берсін, тәуелсіздігі тұғырлы болсын» — деді Қызылқоға ауданының тұрғыны Мәншүк Байғали.
Мерекеге орай ауданға қарасты барлық ауылда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жастар арасында волейболдан жарыс өткізілді. Жарысқа 7 команда қатысты. Сайыста Миялы ауылының командасы жеңімпаз атанды. 2-ші орынды Қаракөл ауылының, 3-ші орынды Жасқайрат ауылының командасы иеленді.
Фото: SN.kz