CaspianLife, 5 шілде — Күні кеше Жайық өзенінде тұрғындарды серуендететін қайықтар соқтығысқаннан кейін полицейлер мен көлік инспекциясының қызметкерлері бірігіп, рейдке шықты, деп хабарлайды Caspian Life.
Олар кешкілік өзен бетінде жүрген су көліктерін тоқтатып, жүргізушілердің, катерлердің құжатын тексерді.
«Су көлігін жүргізетін адамның рұқсат беретін куәлігі болуы керек. Ал, егер катер басқа біреудің атында болса сенімхат қажет. Сондай-ақ, жолаушыларға мінер алдында нұсқаулық беру қажет және құтқару жилеті болуы міндетті», — деді Атырау облыстық ПД бөлім басшысының орынбасары Ришат Берікқалиев.
Тексеріс кезінде су көлігі жүргізушілерінің құжаттары дұп-дұрыс, катерлердің де жағдайы талапқа сай боп шықты. Полицейлер мен инспекторлар Жайық өзенінде жүрген су көліктерін шолу-тексеру жұмысын түскі сағат 3 пен түнгі 11 аралығында жүзеге асырады. Көлік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің дерегіне сүйенсек, қазіргі кезде Атырауда 12 кәсіпкер тұрғындарды Жайық өзенінде серуендету бизнесімен айналысады. Естеріңізге салайық, 3 шілде күні кешкі сегіз шамасында Малибу жағажайының тұсында қайықтар соқтығысып, 7 адам жарақат алды. Біреуінің халі ауыр. Осы оқиғадан кейін тергеу басталды. Жүргізушілердің бірінің су көлігін басқаруға рұқсат беретін куәлігінің жоқтығы анықталып, оған қайықты беріп қойған иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Автор: Азамат Қуатұлы