CaspianLife, 29 маусым — Атырау қаласында ағаш егетін жер қалған жоқ,- деп хабарлайды caspianlife.kz. Әкімдікте қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен жиында қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев осылай деп мәлімдеді. Және жер асты сулары да бір бөлек мәселе. Сондықтан, облыс орталығына көшет егіп, айналаны абаттандыруға ниетті кәсіпорындарға шалғайдан жер бөліп беруге тура келеді, — дейді ол. Қоғам белсенділері қаладағы саябақ мәселесін де көтерді. Аймақтың экологиясын ескерсек, ағаштар Атырауға сәндік үшін емес, оттегіні көбейту үшін қажет. Сондықтан, олар «саябақ» деген аты ғана қалған Ретро паркті ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ компаниясына қайтарып беру керек деген ұсыныс айтты. Өйткені жергілікті атқарушы органның қолынан паркті жайнатып ұстап отыру келмейді деген десті кеңес мүшелері.Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе — қаладағы сарқынды және кәріз суын тазарту мен қайта пайдалану жайы болды. Атырау қаласындағы тұрғын үйлерден шыққан лас су 84 сорғы стансасы арқылы кәріз ғимаратына айдалады. Алайда, олардың жартысынан көбі ескірген.Қоғам белсенділері бұл мәселені шешуді қолға алған кезде ең әуелі жасалған жұмыстың сапалы болуын қадағалау қажет, яғни кәріз стансаларын салып, жөндеу барысында және құбыр тарту кезінде арзан емес, сапалы материалдарды қолдану жағына мән берген жөн десті.
Фото: mgorod.kz