CaspianLife, 21 маусым – Атырауда қарақұрт мал-жанға қырғидай тиіп тұр деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Күні кеше Индер ауданында 10 адамды шағып, ауруханадан бір-ақ шығарды. Қазір олардың жағдайы жақсы, үйлеріне жіберілген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, Көктоғай, Елтай және Бөдене ауылдарында жағдай мәз емес. Бүгінге дейін 124 түйені қарақұрт шағып, оның он алтысы өлген. Улы жәндік жылқы мен сиырға да зиянын тигізіп тұр.
«Осы қарақұрт шаққан малдарыңызды жедел түрде ветеринария мамандарына хабарлап, емдік шараларын тездетіп алуларыңызды сұраймыз. Былтырғы көрсеткішке қарағанда биылғы көрсеткіште қарақұрт шағу өте жоғары темпте көрсетіп отыр», -дейді Индер аудандық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Ержан Әбішев.
Егер улы жәндік шағып алса, дереу дәрігерге барған жөн, — дейді мамандар. Себебі көмек дер кезінде көрсетілмесе, адамда жүйке ауруы пайда болып, тіпті өліп кетуі мүмкін.
Фото : MORGUEFILE.COM