CaspianLife, 20 маусым – Теңіз кен орнындағы ССЕР компаниясының мердігері — Kaz Group Partners серіктестігінде жұмыс жасаған оннан астам жұмысшы қаражатты ала алмай жүрміз деп наразылық білдірді деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Сөздеріне қарағанда еңбек-келісім шартының мерзімінен бұрын бітуіне байланысты өтемақы төленуі тиіс. Алайда, жұмыс беруші компания келісім-шартта көрсетілген талапты орындамай отыр дейді олар.
«Осы кезге дейін Қазгрупп жекеменшік компаниясында жұмыс жасадым Енді міне, соңғы жалақымыз, соңғы еңбек демалысындағы жалақымыз, компенасциялық қаржымызды 8 ай бойы ала алмай жүрміз.. Жеке өзім Маңғыстау облысынан келіп тұрмын. Менің 8 ай бойы төленбеген еңбекақымды берсін. Талабымыз осы», — деді Kaz Group Partners ЖШС бұрынғы қызметкері Жеңіс Өтемісов.
«Бізге 10 күн күтіңіздер деді, бір ай тағы күтіңіздер деді. Сосын үш ай. Қазір әлі жалғасып келе жатыр . Бізде ақша жоқ, Қарабатаннан, Ескенеден объем алып жатырмыз деп айтып келді», — Kaz Group Partners ЖШС бұрынғы қызметкері Сәтжан Ғайниев.
Осы жағдайдан кейін бір топ жұмысшы биыл қаңтар айында еңбек инспекциясына шағымданған соң, инспекторлар «Қазгрупп Партнерс» ЖШС қызметіне тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде мекеменің 14 жұмысшыға 4,5 млн теңгедей қарыз екендігі анықталыпты. Айтуларынша, жекеменшік компанияны әкімшілік жауапкершілікке тартып, берешегін өтеуді міндеттеген.
«Еңбек заңнамасына сәйкес, еңбек шарты тоқтаған кезде жұмыскерге тиесілі сомалар үш жұмыс күн ішінде берілуі тиіс. Берілмеген жағдайда, жауапкершілік көзделген. Ол бойынша біз шара қабылдадық. Қазгрупп Партнерс мекемесінің директорымен біз бірнеше рет сөйлестік. Ол кісінің сылтауы, себебі, оған тапсырыс беруші СИСИПИ компаниясы ақшасын ала алмай жүрмін дейді. СИСИПИ компаниясымен де сөйлестік. Олар керісінше компания керсінше бізге бережақ деп айтып отыр. Араларында өздерінің коммерциялық келіспеушіліктер бар», — деді Атырау облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.
Ал, «ҚазГрупп Партнерс» компаниясы өздерін бережақ қып қойған тапсырыс беруші мекеменің пікірімен келіспейді.
«Компания қысқарту туралы алдын ала ескепттік. Айына осыншама адам жұмыстан босатылатыны туралы айтылды. Осы күнге дейін 87 адам өздеріне тиесілі еңбекақыларын алды. Қалған 14 жұмысшыға алдағы уақытта ақшаларын береміз. Негізі CCEP компаниясының тарапынан толық есеп айырысу әлі болған жоқ. Біздер сол себепті жұмысшылардың өтемақысын бере алмай отырмыз. Бүгін де бірнеше жұмысшы өтемақысын алды. Қалғанын осы айдың соңына дейін төлейтін боламыз», — деді Kaz Group Partners ЖШС бас директоры Рафик Сәрсенов.
Бұл мәселе жөнінде CCEP компаниясымен де байланысып көргенбіз. Алайда, жауапты мамандармен тілдесе алмадық. Ал, «Қазгрупп Партнерс» ЖШС басшылары жұмысшылар алдындағы барлық берешектен көп ұзамай құтыламыз деп сендірді.