CaspianLife, 13 маусым — Исатай ауданы аумағының көп бөлігін Нарын құмы алып жатса да, әрі жері тұзды болса да мұндағы халық біртіндеп егіншілікті қолға алып келеді. Кейбірі бау-бақша салмақ боп жер алса, өзгелері қосалқы шаруашылықпен айналысуда. Исатайлық шаруалар биыл 82 гектар жерге егін салды, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Оның ішінде 66 гектарға суданка мен жоңышқа, 10 гектарына көкөніс егілген. Ал 6 гектар аумақта бау-бақша болмақ.
«Шаруалар Бақсай мен Нарын каналы бойына егін егіп, өздерінің жоспары бойынша шаруашылықтарын жүргізіп отыр. Бұл аудан халқын аз болса да азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір жолы деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да егінмен айналысқысы келген шаруаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аудан әкімдігінен қолдау болады», — деді Исатай аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұханов.
Аудан әкімдігі жергілікті шаруаларға қол ұшын созып келеді. Мәселен, биыл көктемде жергілікті басшылар 16 шаруашылыққа жер жыртатын техникамен көмек беріпті.
Фото: 24.kz