Құрметті Атырау қаласының тұрғындары! Атырау қалалық әкімдігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларына сәйкес конкурстың қалалық кезеңі өткізілетіндігін хабарлайды.
«Мерейлі отбасы 2023» ұлттық конкурсын өткізу қағидалары:
І. Конкурсты өткізудің мақсаттары:
1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;
2) ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;
3) отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу, және кеңінен насихаттау;
4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
2. Конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатысады.
3. Конкурсқа қатысуға мүшелерінің еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) отбасылар жіберіледі.
4. Мыналар:
1) қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар;
2) бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.
ІІ. Конкурсқа қатысуға өтінім Үкіметтің 2014 жылғы
5 наурыздағы №181 қаулысымен бекітілген қағидаларына қоса берілген нысан бойынша Атырау қалалық әкімдігімен құрылған қалалық комиссияға 15 мамыр мен 15 маусым аралықтарында төменде көрсетілген құжаттармен қоса беріледі:
1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін — жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі;
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
5) балаларды тәрбиелегені үшін мадақтаулардың, белгілі бір жетістіктері үшін алған мадақтаулардың бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) заңды және (немесе) жеке тұлғалардың ұсыным хаттары (кемінде екеу);
7) отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
8) қоғамдық пайдалы қызметке (волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) қатысуды растайтын құжаттардың көшірмелері;
9) дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім.
Ұсынылатын құжаттардың көшірмелерін отбасылар ұсынған түпнұсқалар негізінде қалалық комиссияның төрағасы куәландырады.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, қалалық комиссия өтінім берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасына қайтарады.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген отбасы ұсынылған құжаттар қайтарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде пысықталған өтінімді қайта береді.
Құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған отбасылар конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
Қалалық комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.
Конкурсқа қатысуға өтінім мен құжаттар Қалалық ішкі саясат бөлімімен қабылданады. Байланыс телефоны: 27-10-28; Электронды пошта: s.tolegen@atyrau.gov.kz, gor_ovp@mail.ru.