CaspianLife, 12 мамыр — Атырау еліміздегі ауасы лас қалалардың қатарында, деп хабарлайды Caspian Life.
Бұл туралы Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен «Экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» атты кеңейтілген тақырыптық отырыста айтылды.
Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жиын барысында Қазақстанның экологиялық жағдайын, қоршаған ортаның жай-күйін және табиғи ресурстарды пайдалануды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Мониторинг нәтижелері бойынша 69 елді мекеннің 10-ы атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейіне жатады: Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған, Риддер. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде еліміздің ірі қалаларында орналасқан 16 кәсіпорында ластаушы заттар шығарындыларын жыл сайын азайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда», – деді министр.
Сүлейменованың сөзіне сенсек, былтыр қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемдердің жергілікті бюджетке 98,6 млрд теңге ақша түскен.
Талқылау барысында өндіріс және тұтыну қалдықтарын кәдеге жарату жүйесін дамытудың проблемалық және өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды, сондай-ақ Экология министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде су шаруашылығын дамыту перспективалары белгіленді.
Фото: Рахим Қойлыбаев