CaspianLife, 12 мамыр — «Бағана басымызға түсеме деп қорқамыз». «Самал» ықшам ауданының тұрғындары әр күнін қорқынышпен өткізуге мәжбүр. Оған көшелердің бойындағы құлайын деп тұрған электр бағаналары себеп. Әр жерінен жарылып, үгітіліп-ақ тұр.
Қалалық әкімдіктегілердің айтуынша, ықшам ауданға 2016 жылы «Атырау көлік» мекемесі жүздеген электр бағанасын орнатқан. Алайда, арада 4 жыл өткенде олар жарыла бастапты. Әкімдік мердігер мекемені сотқа беріп, нәтижесінде компания 200 бағананы ауыстырған. 2022 жылы тағы 300-ден астам бағана қауіпті деп саналған. Бұл жолы да мердігер сотқа берілгенмен, соттың шешімі әкімдіктің ойындағыдай болмады.
Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, бюджеттен қаржы бөлінсе, бағаналар биылдан қалмай ауыстырылады. Қазіргі уақытта қаладағы 1400-ден астам бағана ауыстыруды қажет етіп-ақ тұр.