CaspianLife, 25 сәуір – Атырауда «Үздік ауыл әкімі» атты сайыс өтті деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Сайысқа аудандарға қарасты ауылдық округтерден 6 әкім қатысты. Байқау ережесі бойынша қатысушылар ауылда жасалған жұмысы туралы видеоролик-презентация әзірлеуі немесе өз өңірін дамытуға бағытталған жоба ұсынуы керек еді. Ауыл әкімдерінің көбісі ережені дұрыс түсінбесе керек, жоба-жоспардан гөрі елдімекеннің инфрақұрылымдық дамуы туралы айтып кетті. Бірақ бір жоба қазылар алқасының назарын аударды. Гүлжазира Әбенова — Құрманғазы ауданына қарасты «Бірлік» ауылының әкімі. Елдімекендегі 2200-дей тұрғынның жартысына жуығы мал асырап күн көріп отыр. Осыны ескерген әкім ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, егін, құс шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Сонымен бірге, көкөністерді консервілеумен айналысатын цех ашқысы да келеді.Әкімдер байқауы алғаш рет осыдан 3 жыл бұрын өткізілді. Мақсаты – ауылды дамытуға үлес қосып жүрген басшыларды ынталандырып, оларға қолдау көрсету дейді ұйымдастырушылар.