CaspianLife, 19 сәуір — Өткен жылы Атырау облысында 21 бала терезеден абайсызда құлап кеткен, деп хабарлайды CaspianLife.
Салдарынан 1 кішкентай қайтыс болды. Қалғандары түрлі жарақат алған. Мұндай оқиға болмас үшін полицейлер халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дегенмен ата-ананың салғырттығы басым дейді тәртіп сақшылары. Үлкендер баланы қараусыз қалдыра беретін болса, олардың іс-әрекеті арнайы комиссияда қаралып, ата-ана құқығынан айыру шарасына дейін түрлі шешім қабылдану мүмкін.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 128-ші бабы бар «Балаға білім беру, бала тәрбиесімен дұрыс айналыспау» дерегі бойынша ата-аналарға айыппұл салынады. Бұл әрекеттерді бірнеше мәрте қайталаған жағдайда ата-аналардың үстінен қылмыстық іс қозғалады» — деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Былтыр облыстық балалар ауруханасына терезеден құлаған нәрестеден бастап кәмелет жасына дейінгі 32 бала жеткізілген. Ал биыл олардың саны — 10. Дәрігерлердің айтуынша, он жағдайдың тоғызында кішкентайлар жерге баспен түсіп, ауыр жарақат алады.
«Біздің ауруханаға апта сайын 2-6 жас аралығындағы балалар түсіп жатады. 2-3-4-5-ші қабаттан құлаған. Бұрын мұндай көп болмайтын. Қазір олардың саны артып кетті. Көп жағдайда бұған ата-ананың баланы қараусыз қалдыруы себеп. Ауыр жарақат алған баланың мүгедек болып қалуы, тіпті қайтыс болуы әбден мүмкін» — деді Атырау облыстық балалар ауруханасының нейрохирург-дәрігері Шодер Арипов.
Тәртіп сақшылары да, дәрігерлер де жаз мезгілінде ата-аналарды сақ болуға шақырады. Терезенің жанына балалар мініп кететін жихаздарды немесе заттарды қоймаған дұрыс. Және терезені ашық қалдырмаған жөн. Москитті тордан гөрі темірден жасалғанын орнату артық етпейді.
Фото: Sn.kz