CaspianLife, 18 сәуір — WorldSkills Atyrau-2023 өңірлік чемпионаты басталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Дәстүрлі жарыс биыл 8-інші рет ұйымдастырылуда. Оған қала мен аудан колледждерінен келген 130-дан астам студент қатысып жатыр. Олар 5 күн бойы 40-қа жуық мамандық бойынша өз біліктіліктерін сынайды.
«Мен өте сенімдімін. Қазіргі уақытта бірінші курс студентімін. Аз оқысам да, өзімнің жоғары деңгейде өзімді көрсете алатыныма сенімдімін» — деді Құрманғазы аграрлық-техникалық колледжінің студенті Ұлпан Тілеміс.
«Өзімнің бағымды сынайын деп WorldSkills-ке қатысып, өзіме тәжірибе алайын деп келдім. Біз ауданнан 9 студент болып келіп тұрмыз. Мен өзімнің мамандығымды алып шыға алатыныма сенімдімін» — деді Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің студенті Шәмші Досым.
Чемпионаттың мақсаты — жастарды кәсіптік-техникалық білім беру саласына тарту және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман иелерін даярлау. Жарысқа 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, жас мамандар, сонымен қатар кәсіпқойлар, өндірістік оқыту шеберлері мен тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы-нұсқаушылар қатысады.
«Бұл чемпионаттан күтеріміз мол. Өйткені, мемлекет басшысының тапсырмасы кәсіби техникалық білім беру саласына ерекше мән беру және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру. Осы орайда айта кету керек, жұмысшы мамандықтарға қызығушылық артып отыр. Сонымен қатар, осы чемпионатқа ниет білдірушелердің саны артып отыр» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнәра Сәдуақасова.
WorldSkills чемпионатында біліктіліктерін дәлелдеп, облыс атын шығарып жүрген атыраулық студенттер де жоқ емес. Мәселен, былтыр біріншіліктің республикалық кезеңінде жеңіске жеткен жерлестеріміз Атырау политехникалық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Бағытжанов пен АПЕК петротехник студенті Ерасыл Сұлтанов биыл Польшада өтетін чемпионаттың халықаралық кезеңінде ел намысын қорғайды.