CaspianLife, 14 сәуір — «Жайық» өзеніндегі су деңгейі соңғы 4-5 күнде 20 сантиметрге көтерілген. Мұны «Казсушар» мекемесінің өкілдері «Казгидрометтің» ақпараттына сүйеніп айтып отыр. Сондықтан су көліктерінің қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау мәселесі күн тәртібінде тұр. Атырау көлік прокуратурасы жауапты орган өкілдерін жинап алып, осы тақырып аясында жиын өткізді, деп хабарлайды Caspian Life.
Мамандардың айтуынша, шағын кемелерде жасы 12-ге толмаған бала саны ересектерден көп болмауы керек. Түнгі уақытта өзенде серуен құрғысы келетін кемелердің міндетті түрде жарық шамдары болуы тиіс. Жалпы қазіргі уақытта түнгі мезгілде үлкен моторлы қайықтар Жайық өзенінде тек балық инспекциясының келісімімен ғана жүре алады. Және келісім кәсіпкерлерге ғана беріледі. Ал жеке тұлғаларға 20 аттың күші бар, ілмелі моторлы кемелермен жүруге рұқсат етілген. Өйткені, балықтың уылдырық шашу кезеңі басталып кетті. Көліктік бақылау инспекциясындағылардың сөзінше, қазіргі уақытта Жайық өзенінде жүрген кемелердің көбі – үлкен моторлы.
Өкінішке қарай, көліктік бақылау инспекциясының балансындағы қызметтік кеменің жылдамдығы өте төмен. Сондықтан, олар полицейлермен бірлесіп рейдтік іс-шара өткізбек. Ал көлік прокуратурасындағылар бұл жұмысты қадағалап отырамыз дейді. Тағы бір айта кететін мәселе – Атырау қаласының аумағында кемелерге арналған тұрақ жоқ. Облыстық ТЖД басшылары әкімдікке мәселені шешу қажеттігін айтып, ұсыныс жіберіпті. Әзірге нақты бір шешім шықпаған көрінеді. Өткен жылы облыстық көліктік бақылау инспекциясы қауіпсіздік ережесін бұзған шағын көлемді кеме иелеріне қатысты 60-тан астам әкімшілік хаттама толтырған. Өйткені көпшілігінде жолаушыларға арналған арнайы кеудеше болмаған және артық адамды отырғызған.
Автор: Нұрбибі Теміртасова
Фото: Рахим Қойлыбаев