CaspianLife, 2 сәуір — 12 сәуір – еліміздегі ғылым қызметкерлерінің және ғылым академиясының тұңғыш Президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Осыған орай жергілікті ғалымдар, орта және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Caspian Life.
Кәсіби мейрамға орайластырылған іс-шараға жиналғандар ғылым саласында жасалып жатқан жұмыс пен өзекті деген мәселелерге тоқталды. Өкінішке қарай, жыл сайын жоғары оқу орындарын аяқтайтындардың басым бөлігі бакалавриат атанып шығады. Яғни, білімін жетілдіріп, ғылым саласына бет бұратындардың саны аз. 2021 жылы ғылымды қаржыландыру жұмысы жанданды. Нәтижесінде ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекет тарапынан қаржыландыру мерзімі 5 жылға ұзартылды. Стартап жобалар да қолдау тауып жатыр. Ғалымдардың жалақысы да жыл сайын артып келеді. Алайда, салаға жастарды тарту — әлі күнге өзекті болып тұр.
Қаныш Сәтбаев 1899 жылы қазіргі Павлодар облысында дүниеге келген. Ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын – Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған – Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.