CaspianLife, 12 сәуір — Бүгіннен бастап елімізде жанар-жағармай бағасы қымбаттады, деп хабарлайды Caspian Life.
АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 182 теңгеден 205 теңгеге, дизель отыны 230 теңгеден 295 теңгеге дейін өсті. Бірақ Атырауда әзірге мұндай өзгеріс байқала қойған жоқ. Алайда министрліктен нұсқама келген бойда жанар-жағар май жаңа бағамен сатыла бастайды.
«Жанар-жағармайдың өсуінің басты себебі — ішкі нарықтағы ресурстарды сақтап қалу. Нақтылап айтсақ, қазіргі таңда тұтынушылардың саны күннен-күнге өсуде және көршілес мемлекеттерге қарағанда біздің бағамыздың айырмашылығы болуына байланысты», — деді Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Гүлфайруз Өмірғалиева.
Қазақстан жанар-жағармай бағасы жағынан ең арзан елдер тізіміне кіреді. Мысалы үшін, Ресейде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат — литріне 480 теңге, айырмашылық — 101 пайыз.
«Біздегі жанар-жағар май бағасының арзан екендігін пайдаланғандар оны көрші елдерге тасымалдауға кіріскен. Әрі сұраныс та артып барады. Қысқасы сыртқа кетіп жатқан жанар-жағар майдың есебі жоқ. Осылай кете берсе, нарықта тапшылық туындауы мүмкін», — дейді мамандар.
2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақта мұнай-газ нарығы қалыптасады. Яғни одаққа мүше елдер ортақ бағаны бекітуге тырысады. Сондықтан алдағы жылдары жанар-жағармай қымбаттамаса, арзандауы екіталай.