CaspianLife, 11 сәуір — Тасқалалықтар ауыл іргесіндегі карьерді жабуды талап етуде, деп Caspian Life.
Өйткені, жел соқса ауылды шаң, топырақ басады. Одан қалса, қазылған шұңқырға мал құлап, арам қатып жатқан көрінеді. Әрі жайылым жерсіз қалдық деп ашынған жұрт мәселені тез арада шешуді талап етеді.
Тасқала халқының базынасын округ әкімі және осыдан бірнеше апта бұрын өздері сайлаған депутаттар тыңдады. Әкімнің сөзіне сенсек, карьер 2019 жылы заңды түрде ашылған. Сондықтан, кәсіпкердің құқығын шектеу мүмкін емес.
Кеңөзек ауылдық округі әкімінің айтуынша, карьердің жұмысы осыдан 2 жыл бұрын уақытша тоқтатылған. Қазіргі уақытта жұмыс жанданып жатыр. Нақтырақ айтқанда, мұндағы топырақ ауыл ішінде салынып жатқан мектеп құрылысына пайдаланылуда.
Карьердің заңды иесі – Атырау облыстық мәслихатының депутаты. Бірақ ол да, мердігер де тұрғындардан бұл жұмысқа түсіністікпен қарауды сұрайды. Өйткені, мектепке 80 мың текше метр топырақ керек. Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасының өкілі карьерді жауапты орындардың тексергенін, оның заң аясында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Бірақ, карьер жұмысының қандай жағдайларға байланысты тоқтауы мүмкін екендігін айтты.
Алғашында кәсіпкер 100 гектар жерді игеруі керек еді. Кейін оның аумағы 35 гектарға дейін азайтылыпты. Дей тұрғанмен жауапты басқарма тұрғындардың мәселесін құзырлы орындармен бірігіп талқылауға уәде етті. Түсірілім барысында ауыл әкімі тұрғындарға карьердегі жұмыстың уақытша тоқтағанын хабарлады. Алайда, қанша уақытқа екендігі белгісіз. Тасқалалықтар мәселе шешілмеймінше тағат таппаймыз, қажет болса облыстық әкімдіктің алдына барып, аймақ басшысының араласуын талап етеміз деп отыр.
Автор: Нұрбибі Теміртасова