CaspianLife, 11 сәуір — «Аманат» партиясының мүшелері Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Kипиай өкілдерін өздеріне шақырып, экологиялық ахуалды талқылады, деп хабарлайды Caspian Life.
Екі мекеме сәуірдің 2 күні қамыс өртінің түтіні қалаға жеткен уақытта екі мекеме аумағындағы қондырғылардан будақтап шыққан қою қара түтінге қатысты түсінік берді.
Осы және Атырау мұнай өңдеу зауытындағы оқиғадан кейін экологтар қос кәсіпорынды жоспардан тыс тексеруге кіріскен еді. Экология департаменті басшысының сөзінше, оларға жергілікті әкімдіктен арыз түскен.
Жиынға қатысқан депутаттар Экология департаментінің балансындағы ауа құрамын тексеретін құрылғылардың жұмысына күмәнмен қарайтындықтарын айтты. Әлібек Бекмұхамбетовтың сөзінше, барлық жабдық жыл сайын тексерістен өткізіліп тұрады. Сонымен бірге, биыл жаңа техника алынбақ. Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры өндіріс орнынан шығатын жағымсыз иіске қатысты да ойын айта кетті. Сөзіне сенсек, айналаға сасық иістің тарауына кәсіпорындағы ескі механикалық тазарту қондырғысы себеп.
Депутаттар жиында зауытты қаладан алыс жерге көшіру мәселесін де көтерді. Алайда, зауыт басшысы оған қыруар қаражат екендігін жеткізді. Отырыс соңында аманаттықтар Атырауда халықтың лас ауадан ауыратындығын дәлелдейтін және сырқаттарды есепке алатын орталық ашу керектігін айтты. Одан бөлек депутаттар ауа ластанған жағдайда тұрғындарды телефон арқылы хабарландырудың жолын қарастыру қажет дейді.