CaspianLife, 31 наурыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды сaspianlife.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. Қылмыстық істің нүктесін Астанадағы Сарыарқа аудандық №2 соты қойды. Енді Боранбаев өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істей алмайды.
«Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов ұлттық банк пен оған қарасты ведомстволарда, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда қызмет атқару құқығынан айрылсын. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге де тыйым салынады», — деді судья Назгүл Бапақова.
Тайыр Жанұзақ қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, ол да 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.Бұған дейін үйқамақта болған Тайыр Жанұзақ сот залынан қамауға алынды.
Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаевтың ісі сотта былтыр желтоқсаннан бастап қарала бастады. Тергеу нұсқасы бойынша, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ пен Ибулла Серді өздерінің бақылауындағы «АзияГаз Чунджа» ЖШС арқылы Qazaq Gaz ұлттық компаниясынан (бұрынғы ҚазТрансГаз) газ тасымалдау кезінде қаражат жымқырған. Істе прокурорлар жымқырылған сома көлемі 14,5 млрд теңге екенін айтады.
Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаражат ұрлады деген күдікке ілінді. Боранбаев 2022 жылғы 17 наурызда ұсталған еді.