CaspianLife, 30 наурыз — «МегаМозг» оқу орталығының қызметкерлері қамауға алынды, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау қаласының прокуроры Руслан Әйтімов істің сараптамаға жіберілгенін, бас күдіктінің қазіргі уақытта қамауда отырғанын хабарлады.
«Жәбірленушілердің барлық шағымдары қабылданып, тергеу аяқталды. Бұл жағдай бойынша 145 адам зардап шекті. Басты күдікті қамауға алынды. Бүгін қолжазба және фоноскопиялық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы алынған соң іс сотқа жіберіліп, 4 күдікті азаматқа қатысты шешім қабылданады», – деді Р.Әйтімов.
Осыдан бір жыл бұрын ата-аналар балаларына қосымша білім беру үшін «МегаМозг» оқу орталығы мен келісім-шартқа отырады. Бірақ орталық басшылығы өз міндеттерін орындамайды. Алданып қалған ата-аналар құқық қорғау орындарына, облыс әкіміне шағым жазып, қаражаттың қайтарылуын, талап еткен еді.
«Біз барлық келісім-шарттарға алдын ала қол қойдық. Оқу орталығының мамандары оқу ақысын бір жыл ішінде төлеген кезде акция бойынша жалпы құны төмен болады деп сендірді. Жиналған қаражат көлемі қомақты. Арамызда бұл үшін несие алғандар да бар. Біз сіздермен кездесу үшін барлық жұмысымызды тастап келдік. Алдағы уақытта басқа ата-аналардың мұндай жағдайға тап болмасы үшін келіп отырмыз. Қандай да бір оқу орнын ашқан кезде облыстық білім басқармасы оны алдын ала тексеруден өткізуі қажет деп санаймыз», — деді қала тұрғыны Әсия Ізтілеуова.
Ал облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл мәселені жан-жақты зерделеу қажеттігін және оны қалалық прокуратураның өз бақылауына алуы керектігін айтты.
«Мен бұл іспен танысып шықтым. Өкінішке қарай қоғамда алаяқтар өте көп. Сіздер ол жерге балаларыңыздың сапалы білім алуы үшін қаржы салдыңыздар. Бұл мәселені жан-жақты зерттеу қажет. Қалалық прокуратура жіті қадағалауға алсын. Сондай-ақ мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қосымша оқытуға лицензия беру туралы заңға өзгеріс енгізу үшін ұсыныс әзірлеңіздер. Оған қоса, азаматтық іс деп жылы жаппай, алаяқтық іс-әрекетке қатысы бар-жоғын анықтаңыздар. Қажет болса, жергілікті телеарналардан алаяқтық туралы, алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы туралы арнайы айдар ашылсын немесе бейнероликтер көрсетілсін. Осындай іске қатысы бар алаяқтар лайықты жазасын алуы тиіс» — деді С.Шәпкенов.