CaspianLife, 19 наурыз — Облыс орталығындағы сайлау учаскелерінде жұмыс қызу. Атыраулықтардың мәселесін қала басшыларына жеткізіп, шахардың бюджетін қарастырып, бекіту жұмыстарына араласуға ниетті 71 кандидат тіркелген. Алайда, көптің дауысын жинай алған 25 азамат қана қалалық мәслихаттың депутаты атана алады, деп хабарлайды CaspianLife.
Ал оларға дауыс беруге келген тұрғындар қолдарына бюллетень алмас бұрын астан аттамай, наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тиді. Сазды әуен де көңілді көтеріп, халық бір-бірімен емен-жарқын әңгіме айтып, көрісіп те жатыр.
«Жұмыскер» ықшам ауданындағы № 244 сайлау учаскесінде тіркелген 2600-ге жуық сайлаушының бірі – Тамара Амантурлина. Көп жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ол осы жолы кандидаттар арасындағы бәсекелестің жоғары болғандығын айтты. Үгіт-насихат жұмыстарының да тек ресми жиынмен шектелмегеніне риза. Мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелерінің қолданылуы — депутаттар корпусының жаңаруына жол ашпақ деген пікірде.
«Үлкен тағы бір ерекшелік – бәсекелестік. Бір мандатқа бірнеше кандидаттың түсуі. Қыздарымыз көп жақсы қатысып жатыр. Бұрын ер адамдар қатысатын, қыздар аз болатын еді. + 03:20 Осы сайлауда күтетінім депутаттық корпус жаңарады. Жаңарған корпус сайлаушылардың мүддесі үшін жұмыс жасайды деген үміттемін»- деді мемлекеттік қызмет саласының ардагері Тамара Амантурлина.
Ал қаладағы №31 сайлау учаскесінде 5 сағат ішінде 110-нан астам сайлаушы өздеріне тиесілі бюллетень алған. Олардың арасында мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлайтын Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова бар. Ол мұндай маңызды күнде жастар да белсенділік таныту керек деп есептейді.
«Мен өзім бүгін Қазақстанымыздың жарқын болашағын, бейбітшілік, тұрақтылық үшін дауыс беремін. Білім және ғылым саласында жасағаннан кейін көптеген әріптестеріміз мәжіліске, мәслихатқа кандидат ретінде тіркелді, сол кісілерге сәттілік тілегім келеді. Өйткені, ғылым мен білім саласы мемлекетіміздің ертеңгі таңда + бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін сала. Сондықтан өзімнің әріптестерім депутат болған кезеңде көптеген алдымызда тұрған мақсаттарға назар аударып, шешім қабылдап, дұрыс тұрақты жол деп табамын деп ойлаймын» — деді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова.
№31 сайлау учаскесінің есебінде тұрған 5 азамат үйден дауыс беруге өтініш берген. Мұндағы процесті 6 байқаушы мен 2 кандидаттың сенімді өкілдері қадағалап отыр. Комиссия өкілдерінің айтуынша, дауыс беріп жатқандардың көбі – егде жаста.