CaspianLife, 15 наурыз — Ақтауда туристік маусым басталысымен түнгі клубтардың жұмыс уақытына шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Мұндай ұсынысты құқық қорғау органдарының өкілдері беріп отыр. Жуықта Маңғыстау ішімдікке әуес емес өңірлердің үштігіне еніпті. Алайда прокурорлар өңірде ащы суға тойып алып, қылмыс жасайтындар азаймай тұр,- дейді.
«Қазір Маңғыстау халқының саны 760 мыңнан асты. Жыл сайын 2000 қылмыс тіркеледі. Бұл көрсеткіш өзге өңірлермен салыстырғанда көп болмауы мүмкін. Бірақ, заң бұзушылықтың көбі осы ішімдіктің кесірінен болып жатқанын ұмытпаған дұрыс», — дейді Маңғыстау облысның прокуроры Руфат Құттықов.
Биыл маңғаз Маңғыстауға демалу үшін келетіндер жылдағыдай көп болады деген болжам бар. Мысалы, былтыр кәсіпкерлер 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп табыс тапқан. Мейрамхана басшылары бұл ұсынысқа қарсы емеспіз дейді. Олардың айтуынша, жұмыс уақытын шектеу – кірістің азаюына қатты әсер ете қоймайды.
«Жалпы сағат түнгі 2-ден кейін сауда-саттық азаяды.Шындығында, сағат таңғы 4 пен 6-ның арасында кәсіпкер табыс таппайды. Керісінше қиын жағдайларға кезігіп, шығынға ұшырауы әбден мүмкін. Сол үшін 2-ге дейін жұмыс істеу жеткілікті», — қаладағы мейрамханалардың бірінің әкімшісі Оксана Савченко.
Жалпы Ақтауға демалуға келетін көршілес елдердің азаматтарының саны жыл сайын көбеюде. Бір ғана мысал – ресейлік туроператорлар клиенттеріне Маңғыстау бағытын жиі ұсынатын болған. Олардың ақпаратына сүйенсек, маусым басталғанда 362 әулие жатқан аймаққа Мәскеу, Қазан және Екатеринбург қалаларының тұрғындары келе бастайды. Өйткені 29 сәуірден бастап аталған қалалар мен Ақтаудың арасында тікелей рейс ашылмақ.