CaspianLife, 13 наурыз — Атырауда балықтардың қырылу қаупі жоғары аймақтардың тізімі жасалды, деп хабарлайды CaspianLife.
Облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәлімдеуінше, 2021-2025 жылдарға арналған жаппай балықтардың қырылу қаупін алдын алу үшін өңір бойынша бірнеше ауқымды шаралар қолға алынды. Мәселен, бүгінде қауіпті аймақтардың тізімі жасақталып, бақылау жұмыстары күшейтілген.
Басқарма басшысы орман қоры орналасқан су айдындарында балық өлу қаупі өте жоғары екендігін айтады. Себебі, ол жерлер қураған ағаштар мен өсімдіктерден тазартылмаған.
«Биыл жауған қардың көлемі көп болуына орай, көктемде келетін судың деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда артады деген болжам бар. Бұл балықтың қырылуына әкеледі», — деді А.Сәдібекұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тапсырмалар беріп, оларды орындауға 2 апта уақыт бар екендігін ескертті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдардағы көпірлердің су өткізуге жарамдылығын тексеруді, әрі көктемгі өр суы келетін кезде қала мен аудан әкімдеріне бірлесіп кезекшілік ұйымдастыруды жүктеді.