CaspianLife, 16 ақпан — Ақтауда жоспарлағандай 10 емес, бір жарым айдың ішінде салынған амфитеатр жөндеуді қажет етіп тұр, деп хабарлайды CaspianLife.
Теңіз жағалауында орналасқан нысан — 2018 жылы өткен Каспий маңы елдері басшыларының V саммиті қарсаында бой көтерген. Амфитеатрдың қазіргі аянышты күйіне көз салған архитекторлар «мұндай үлкен жобаны іске асырарда асығыстық танытпау керек еді», — дейді.
«Президент әне келеді, міне келеді деп жұмысшыларды асықтырды. «Асыққан шайтанның ісі» деген сөз бар. Яғни, жұмыс – шикі. Міне, енді жұртқа күлкі болып отырмыз» — деді архитектор Қалыбек Кенжалиев.
Ұзындығы 70 метрден асатын, тоғыз метрлік бағаналармен қоршалған амфитеатр рекордтық мерзімде – бір жарым айда салынды. Желіде нысанның қазіргі жағдайы түсірілген бейнероликтер толып жүр. Бірақ халық алаңдағанмен, шенеуніктер міз бағар емес.
«Күн жылыған бойда құрылыс жұмыстарына жауапты болған мердігер мекеме жөндеу жұмыстарына кіріседі. Қазір ауа-райының қолайсыздығына байланысты ешқандай жұмыс істелмейді» — деді Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Ғалымжан Серікбаев.
Бөлім басшысының сөзінше обьектінің бүлінуіне адами фактор емес, қатты жел мен жауын-шашын себеп. Сондықтан, арнайы комиссия да құрылмаған.