CaspianLife, 20 қаңтар — Атырауда жаңадан ашылған 4 мектеп лицензиясыз жұмыс істеп жатыр. Сол себепті оларға сот шешімімен 86 мың теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды CaspianLife.
Оның бірі мемлекеттік болса, 3-уі жекеменшік. Қазір барлығы да жұмыс жасауға мүмкіндік беретін құжатты алу үшін тиісті департаментке өтініш жазыпты. Білім басқармасындағылардың айтуынша, лицензиялау кезінде жиі кездесетін мәселе – құжаттардың дұрыс рәсімделмеуі.
«Ал бір мектептің лицензияланбау себебі материалдық-техникалық базасының жабдықталуы лайықты, сәйкес болмаған. Ал оның созылу себебі басшы тарпынан кеткен салақтық деуге болады. Немқұрайлық па білмеймін. Қағаздарында қателік болған. Соған байланысты кішкене созылып кетіп жатыр» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнәра Сәдуақасова.
Сондай-ақ, былтыр облыстағы 66 білім беру ұйымы аттестацияның бірінші кезеңінен өте алмай қалған. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мамандарының сөзінше, оның бірнеше себебі бар.
«Негізінде балалардан білім беру деңгейін анықтау мақсатында тест алынады ғой бітіруші сыныптардан сол тест нәтижесінің төмен болуы, оқу жұмыс жоспарларындағы қателіктер тағысын тағы білім стандарттарына сәйкес сіздігі осныдай кемшіліктер анықталды» — деді Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Бердібек Таишев.
Білім беру басқармасындағылар кемшіліктерді жою мақсатында жиындар өткізіп, түсінік жұмыстары жүргізілді дейді. Өткен жылы мемлекеттік аттестаттау рәсімі республикада 2 300-ден астам ұйымда жүргізілген. Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстарындағы білім беру ұйымдары сынақтың бірінші кезеңінен мүлде өте алмапты.