CaspianLife, 18 қаңтар — 19 қаңтарда православ христиандары «Крещение Господне» діни мерекесін атап өтеді. Ол үшін облыста арнайы жеті аумақ жасақталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Үшеуі облыс орталығында: «Орал» мейрамханасының, «Тұрғындар қалашығы» ықшам ауданындағы жағажай тұсында және Мечников-Баймұқанов көпірінің маңында орналасқан. Ал қалғандары Индер, Махамбет, Жылыой, Құрманғазы аудандарында. Құтқарушылар шомылу кезінде қауіпсіздік талаптарын естен шығармай, қатаң ұстану керектігін ескертеді.
«Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаңтардың 18-і мен 20-сы аралығында күшейтілген тәртіпте жұмыс жасаймыз.150-ден астам құтқарушымыз дайын отыр, сүңгу үшін қажетті 10 шақты техника мен 42 құтқару кеудешесін әзірлеп қойдық» — дейді Атырау облыстық ТЖД қызметкері Сержан Жолмағанбетов.
Шомылуға арналған жерлерге 19 қаңтардан бастап түсуге рұқсат етіледі. «Дәстүр бойынша бұл кұні мұзды суға үш рет сүңгу қажет. Жыл сайын осы мейрамды атап өткісі келетін азаматтардың саны көбейіп келеді. Олардың арасында тек православтар емес, басқа дін өкілдері де бар» дейді қаладағы Успен шіркеуінің қызметкерлері.
«Кез-келген адамның келіп, суға түсуіне болады. Мұны діни дәстүрмен байланыстырудың қажеті жоқ, бірі өзінің ерік-жігерін сынап көргісі келеді, бірі денесін шынықтырады. Егер осы суға шомылсақ, бар күнәмізден тазарамыз деу — жаңсақ пікір» — дейді Успен шіркеуінің қызметкері Михаил Соколов.
Осы күні арнайы жерлерде оқыс оқиғаларға жол бермес үшін құтқарушылармен қатар полицейлер, жедел жәрдем қызметкерлері де кезекшілік етеді. Дәрігерлер жедел созылмалы дертке шалдыққан тұрғындардың суық суға шомылуға болмайтындығын ескертеді.