CaspianLife, 17 қаңтар — KPI компаниясының жұмыстан босап қалған қызметкерлері басшыларының үстінен жазған арыздарын қайтып алды, деп хабарлайды CaspianLife.
Еңбек инспекторларының айтуынша, алғашында «бізді қыметтен заңсыз босаттты» деген 16 азамат райларынан қайтқан. Сол себепті компанияны тексеру жұмыстары да тоқтатылыпты.
«Жұмысшылар арыз-шағымдарын қайтарып алатындықтарын айтып, тексерісті тоқтатуды сұрады. Біз заң шеңберінде істі тоқтаттық. Өйткені екі тарап өзара келісімге келді» — деді Думан Әбеуов, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары.
Думан Әбеуовтың сөзінше, компания жұмыстан босаған әр азаматқа өтемақы төлеген. Еске сала кетейік, осыдан аз уақыт бұрын әлеуметтік желіде зауыт басшылығы алпысқа жуық қызметкердің қолын алдап қойғызып, кейін жұмыстан босатып жіберді деген ақпарат тараған еді. Ал зауыт басшылығы болса өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарған болатын.