CaspianLife, 16 қаңтар — Облыс орталығында тұрып жатқан аз қамтылған отбасыларға берілетін тұрғын үй көмегін көрсету ережелеріне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды CaspianLife.
Енді өз үйінде тұрақты тіркеуде тұрған және мемлекеттік тұрғын үйлерді жалдап жүрген жанұялардың коммуналдық төлемдерінің бір бөлігін мемлекет өтейді. Нақтырақ айтқанда, әуелі отбасының айлық кірісінің 5 пайызы анықталады. Кейін коммуналдық шығындардың жалпы сомасынан кірістің 5 пайызы алынып тасталады. Мысалы, аз қамтылған отбасының айлық кірісі 85 мың теңге делік. Оның 5 пайызы 4250 теңге. Ал сол отбасы ай сайын коммуналдық қызмет үшін шамамен 6200 теңге төлеп отыр. Осы сомадан жалпы кірістің бес пайызы немесе 4250 теңге алынып тасталады. Қалған 1950 теңгені мемлекет үй иесіне қайтарып береді.Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар осы өзгерісті қолдап дауыс берді.
««Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 75 бабының 1 тармағына сәйкес қосымша 4 тармағы тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңның бір адамға 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ 1 бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасы қабылданады деген мәтінмен толықтырылып отыр. Қосымшаның 9-тармағы жаңа редакцияда мазмұндалып отыр. Аз қамтылған отбасыларға, азаматтарға тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейлі банктер арқылы ай сайын тағайындалған айдан кейінгі айдың 10-на дейін жүзеге асырады» — деді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының м.а. Анар Жеңісова.
Мамандар төлемнің отбасындағы әр адамға белгілі бір шек мөлшерінде төленетіндігін айтады. Яғни жанұя мүшелерінің әрқайсысының су мен жарықты, газды тұтыну көлемі белгіленген. Өтемақы сол бойынша есептеледі. Асып кетіп жатса, айырмашылықты тұрғын өзі төлеуі тиіс. Азаматтар өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып немесе электронды үкімет порталы арқылы тоқсанына бір рет бере алады. Қажетті құжаттардың тізімінде өтініш, жеке басын куәландыратын құжат және отбасының кірісін растайтын, ай сайынғы коммуналдық шығын туралы мәлімет пен күрделі жөндеу жүргізу туралы келісімшарт бар. Былтыр Атырау қаласында 275 отбасы тұрғын үй көмегін алған. Оларға төленген қаржының көлемі 11 миллион теңгеден асады.