CaspianLife, 6 қаңтар — Банктер мен микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы қарыздарын өтей алмай жүрген қазақстандықтар наурыздан бастап өздерін банкрот деп тануды сұрап, өтініш бере алады, деп хабарлайды Caspian Life.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға Президент Қасымжомарт Тоқаев өткен жылдың желтоқсанында қол қойған еді. Ол 60 күннен кейін күшіне енбек. Өзін банкрот деп тану туралы өтініш берген азамат мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, ортақ немесе жеке мүлігі болмауы қажет.
Екіншіден, мөлшері 5,5 млн теңгеден аспайтын қарызын бір жыл бойы өтемесе. Бұған қатысты арызды егов вебпорталы арқылы беруге болады. Ал, егер берешегі осы сомадан асып кетіп жатса, тұлғаны банкрот деп тану туралы өтінішті сотқа аудиторлар мен заң кеңесшілері береді. Бірақ, олардың бұл қызметі ақылы. Ал оны төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі.
Банкроттықтан кейін пайда болатын салдар: 5 жылға несиелер мен кредиттер алу шектеуі, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы, 3 жыл қаржылық жағдайы бойынша мониторинг жүргізілетін болады.
Ал, төлем қабілеттілігін қалпына келтіргісі келген азамат сотқа жүгінсе болады. Сот өтінішті қанағаттандырса, жеке тұлға қарызынан бес жыл ішінде құтылуы тиіс. Қойылар басты шарт – қарыз мөлшері өзіне тиесілі мүлік құнынан асып кетпеуі керек.