CaspianLife, 5 қаңтар — Атыраулықтар нан бағасының бірден 10 теңгеге қымбаттағанына реніш білдіруде. Олар бұған дейін ас атасының бір данасын 105 теңгеге сатып алып келсе, қазір оның құны 115 теңгеге дейін жеткен, деп хабарлайды Caspian Life.
Халық онсыз да тамақ бағасы бет қаратпай тұрғанда, нан бағасының өсімі жығылған үстіне жұдырық болып отыр дейді. Бағаның қымбаттағанын сатушылар да жоққа шығармады.
«Жеткізушілер 30 желтоқсаннан бастап нан бағасын көтеретінін айтты.Сондықтан біз де бағаны көтердік. Бұрын олар нанды 100 теңгеден сататын бізге, енді 110 теңге қылды. Үстіне қосатынымыз сондағы бес теңге. Бағаның бұлайша аяқасты көтерілуіне не себеп екенін білмеймін», — дейді сатушылардың бірі.
Жағдайдың жай-жапсарын білмекке қалалық әкімдіктегілерге хабарласқанбыз. Бірақ олар бұған қатысты өздерінде ақпараттың жоқтығын, мониторинг жұмыстарына енді шыққалы жатқандықтарын айтты. Баға өскенге дейін емес, кейін қимылдаған жауапты орындардың бұл әрекеті – олардың осы уақытқа дейін қам жасамай, қимылсыз отырғандықтарын көрсетсе керек. Нан бағасы соңғы рет 2021 жылдың қараша айында 10 теңгеге қымбаттап, 110 теңге болған еді. Онда бағаға әсер етуші басты фактор ретінде ұн, жанар-жағар май, электр қуаты бағасының көтерілуі айтылды.