CaspianLife, 14 желтоқсан — Атырауда биология пәнінен Халел Досмұхамедов атындағы облыстық олимпиада өтті. Оған облыстағы орта мектептердің 30 оқушысы қатысты, деп хабарлайды CaspianLife.
Балалар жылына орайластырылған олимпиаданың басты мақсаты – Халел Досмұхемедовтың биология саласына қосқан үлесін, өмірі мен шығармашылығын насихаттау. 11 сынып оқушылары 90 минуттың ішіне өздеріне берілген тапсырманы орындап, білім деңгейлерін көрсетті.
«Олимпиданың нәтижелері darynatyrau.kz сайтында жарияланады. Сондай-ақ, ата-аналар мен ұстаздар аталған сайттан барлық баланың жұмысын көре алады. Қазіргі уақытта, жаратылыстану-математикалық бағытта Атырау облысының көрсеткіші орташа деңгейде. Осы бағытта түрлі жобалар іске асуда», — дейді «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» директоры Руслан Сарбалин.
Олимпиада қорытындысына сәйкес, үздіктердің үздігі атанған оқушы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің грантына ие болса, екінші орын алған оқушыға оқу ақысына 50 пайыз жеңілдік берілмек. Ал үздік үштікті қорытындылаған қатысушыға 30 пайыздық жеңілдік сыйланады. Оқушылар ауыл балаларына осындай мүмкіндіктің берілгеніне риза.
«Келген мақсатым — грант ұтып алу. Осы олимпиаданың қарапайым ауыл оқушыларына беретін мүмкіндігі көп. Өзім мектептегі ұстаздарымның арқасында биологияны ұната бастадым», — дейді Қаракөл орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ақжарқын Ғұмар.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да ауыл балаларына таптырмас мүмкіндік беретін пәндік олимпидалардың қатарын көбейтуді жоспарлап отыр.