CaspianLife, 13 желтоқсан — «Амангелді» ЖШС-не тиесілі кеме Жайықтың Каспийге құятын сағасына жетпей тұрып қалды. Оған Кеңес кезінде кемелер өтуі үшін салынған каналдың таязданып қалуы себеп, деп хабарлайды Caspian Life.
Қазіргі уақытта теңіздің астында 1 метр деңгейде су болса, оның 20 см-нде мұз қатып қалған. Енді мұнда «Амангелді» ЖШС-нің қызметкерлері осы кеменің ішіндегі жарақтарды, балықтарды, кеменің өзін де ауысыммен күзетуде. Өкінішке қарай, бұл кемені мұз ерігенге дейін шығару мүмкін емес.
Қазір кеменің ішінде 6-7 тоннадай балық бар. Қызметкерлер кемені мұз қысып тастамауы үшін күні-түні мұз ояды.
«Амангелді» кооперативінде осындай су көлігінің 4-еуі бар. Бұлардың біреуі істен шықса, кәсіпкерлік нысанына шамамен 500 мың доллар шамасында шығын келуі мүмкін.
Облыс әкімдігі мұз ерісімен кемені шығаруға көмек көрсететіндерін айтты. Жайық өзенін түбін тереңдету жұмыстарын жасау үшін шамамен 7-8 млрд, Қиғашқа 11 млрд теңгедей керек. Қазіргі таңда жергілікті жауапты орган тиісті министрлікке сұраныс жолдады.
Облыс әкімдігі мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл жұмыстарды келісіп, 2023 жылға қалдырған болатын. Сондықтан, бұл жұмыстар келесі жылы жасалуы тиіс. Егер тереңдету жұмыстары мұз ери сала жасалмаса, онды балық шаруашылығы, шекара қызметі, тіпті, мұнай саласына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Ең сорақысы, бұның арты – экологиялық апатқа әкеп соқтырады.