CaspianLife, 12 желтоқсан — Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы кәсіпорынның баспасөз қызметі хабарлады.
2 жыл қатарынан үзіліссіз жұмыс істеген зауытқа биыл қазан айыннан бастап жөндеу жұмыстары жүргізіле бастаған еді. 1 қазанда зауыттың 1-ші «тізбегі» тоқтатылып, ай соңына дейін технологиялық режимге шығарды. Кейін 2-ші «тізбекте» жөндеу жұмыстары жүргізіліп, зауыт толықтай қолданысқа 5 желтоқсанда берілді. Жөндеу жұмыстарын тізбектеп жүргізу мұнай өнімдерінің тәуліктік өндірісі мен жөнелтілуін үздіксіз жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бұл еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында болған ең ірі жөндеу болды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев АМӨЗ-де жиналыс кезінде биыл қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары мұнайды өңдеудің рекордтық көрсеткішіне жетіп, бензин, дизель отыны және битумның рекордтық көлемін өндіріп шығаратынын айтты. Сондай-ақ, АМӨЗ басшысына бензинді тәулігіне 5 мың тоннаға дейін, ал дизельді 4 мың тоннаға дейін жөнелтуді тапсырды.
Қосымша ҚМГ басшысы Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмасы аясында 2023 жылы ҚР мұнай өңдеу зауыттарын аралас өңдеу схемасына көшіру бойынша жұмыс жүріп жатқанын атап айтты. Бұл схема мұнай өнімдерін өткізуде делдалдардың болмауын көздейді.