Caspianlife, 7 желтоқсан — Маңғыстауда мектеп жетіспейді. Әсіресе Ақтау мен Бейнеуде. Қазіргі уақытта аймақта 17 мектеп үш ауысымда жұмыс жасайды, деп хабарлайды Caspianlife.
Одан бөлек екеуі апатты деп танылған. Білім басқармасы бұл мәселе 2025 жылға қарай шешілуі мүмкін екенін айтады. Өйткені алдағы үш жыл ішінде 24 білім ошағын салу жоспарланып отыр.
«Келесі жылы 15 мектептің құрылысы басталады, олар 2024 жылы пайдалануға берілсе, одан кейін 24-ші жылы 9 мектеп салынады. Әрине, 2026 және 2027 жылдары ашылатын мектептер әлі де жоспарланатын болады», — дейді Маңғыстау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.
Мұнда ұстаздар да жетіспейді. Бірақ жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығының артуы және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бұл мәселені шешуге ықпал етеді деген үміт бар. Туу көрсеткіші бойынша Маңғыстау облысы елімізде алғашқы үштікке кіреді. Өңірде жылына 19-20 мың бала дүниеге келеді. Яғни жылдан-жылға оқушы саны көбейе түседі деген сөз.