CaspianLife, 2 желтоқсан — Ақтауда бірнеше құрылыс компаниясының иесі жауапқа тартылды. Нақтырақ айтсақ, прокурорлар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды 5 компанияның бұзғанын анықтапты. Ал құрылысы бітпеген үйлерге миллиондаған қаржы салған тұрғындар наразылығын білдіруде.
«Талдау барысында салымшылардың есебінен салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің бары анықталды. Құрылыс компаниялары әртүрлі тетіктерді пайдалана отырып, алдын ала сатып алу шарттарын жасайды. Ал мұндай әрекет оларды үлескер ретінде тарту болып саналады», — деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Нұрат Саматов.
Тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сату кезінде күдікті механизм қолданған ірі бизнес субьектілеріне салынатын айыппұлды көлемі азғантай болып шықты. Әр компания бар болғаны 300 АЕК айыппұлмен құтылды. Бұл шамамен 900 мың теңге. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қалада 100-ге жуық көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның 17-сі ғана пайдалануға берілсе, қалғаны сақалды құрылыстардың қатарында қалып отыр.