CaspianLife, 28 қараша — Атыраулық студенттер мен оқушылар Ақтау қаласына тегін экскурсияға барып келді, деп хабарлайды CaspianLife.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәлімдеуінше, «Әуедегі бір күн» жобасы «Балалар жылына» орай Кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен «Fly Arystan» әуекомпаниясымен жасасқан ынтымақтастық жөніндегі меморандумға сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Жоба шеңберінде аз қамтылған, көп балалы отбасылардың 9-10 сынып оқитын 30 оқушысы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 1, 2 курс оқитын 50 студенті Ақтау қаласына экскурсияға барды. Экскурсия аясында оқушылар мен студенттер Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық өлкетану мұражайы мен Қ.Сыдиқов атындағы облыстық кітапхана тарихымен танысты. Сондай-ақ, Ақтау қаласының агротуризм нысандарына және қаланың көрікті жерлеріне саяхаттады.
«Бұл жобаның негізгі мақсаты — балалар және жасөспірімдер туризмін дамыту, өзге өңірдің тарихымен таныстыру және балаларға естен кетпес әсер қалдыру. Бұдан бұрын балалар Ақтау және Алматы қалаларына барған болатын. Меморандумға сәйкес, қатысушыларды тегін билетпен қамтамасыз еткені үшін Fly Arystan әуекомпаниясына басқарма тарапынан алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да бұл жоба жалғасын табады деген ойдамын», — деді облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшы Нұрбол Жаңабеков.