CaspianLife, 15 қараша — Атыраулық полицейлер қала аумағынан есірткі өндіруге арналған фито-зертхананы тапты. Жедел-іздестіру шарасын облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өткізді.
Оның барысында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіріп, сақтаған 54 жастағы күдікті ұсталды. Оның үйін тінту барысында 50 қарасора бұтасы, 2,7 келі кептірілген марихуана және 2 әйнек шыныға салынған шөптің дәндері тәркіленді. Қазіргі уақытта 54 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторында отыр. Оған қатысты қылмыстық кодекстің есірткіні заңсыз өсіру және дайындау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Айта кетейік, есірткіні өсіруге арналған орын осымен екінші рет табылып отыр. Бұдан бір ай бұрын тәртіп сақшылары тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен анаша өсіруге арналған зертхананы тапқан еді.