CaspianLife, 14 қараша — Қарашаның 13-нен 14-не қараған түні Атырауда қосалқы станцияда өрт шығып, 6 бірдей шағын аудан жарықсыз қалған еді. «Атырау-Жарық» мекемесі өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлерге электр тарататын кабель бойынан өрт шыққан.
Жалын басқа желілерді шарпымас үшін қосалқы станцияның жұмысы толықтай тоқтатылыпты. Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр.
«Өртенген кабельдер ауыстырылып жатыр. Кешке дейін аяқтаймыз деп ойлаймын. Түстен кейін жайлап электр энергиясын бере бастаймыз», — деді «Атырау-Жарық» АҚ вице-президенті Мейірбек Ғұбашев.
Геолог, Жұлдыз, Жұмыскер және Томарлыдағы мектептер жарықтың болмауына байланысты онлайн форматқа көшкен еді. Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, кешке дейін жағдай тұрақталса мектептер мен балабақшалар ертең-ақ дәстүрлі форматқа ауысады.
«Қазіргі таңда Геологтағы №36, Жұлдыздағы №39 және Томарлыдағы Смағұлов пен Нысанбаев атындағы мектеп оқушылары онлайн форматта оқып жатыр. Егер жарық берілсе ертеңнен бастап 7 мыңға жуық оқушы сыныпқа оралады. Сондай-ақ, аталған шағын аудандарда 5 балабақша бар. Ата-аналарға бірден хабар берілді», — деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева.
Жарық әзірге «Вокзал маңы» ықшам ауданына берілді. Қазіргі уақытта оқиға орнында 5 жедел қызмет бригадасы, яғни, 42 маман жұмыс істеуде.