CaspianLife, 14 қараша — Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты сот отырысы аяқталып келеді. Бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтты.
«Балқыту» ЖШС басшысы Өміртай Адамов жазаны айыппұл түрінде алғысы келетінін білдірді. Ал «пара алды» деген күдікке ілінген экс-шенеуніктер тағылған айыппен келіспейтіндіктерін айтып, соттан өздерін ақтауды сұрады. Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты сотта келтірілген дәлелдердің сотталушылардан заңсыз алынғандығын алға тартты.
«Мен — Рысқалиевтің адвокаты және Вранчев — Хаменованың адвокаты тергеу органдарының сотқа ұсынған деректері заңсыз жолмен табылған деп мәлімдейміз. Сондай-ақ, біздің қорғауымыздағы айыпталушылардың әрекеттерінде қылмыстың құрамы жоқ. Барының өзі дәйексіз. Осыған орай соттан олардың ақталуын сұраймыз. Әрине, үкім шығаратын сот, ол өзі біледі. Үкім тек ертең шығады», — деді Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболов.