CaspianLife, 10 қараша — Атыраулық палуан пара дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Баку қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде атыраулық Жанбота Аманжол 90 келі салмақта корейлік спортшыны ұтты. Кейін грузиялық палуанды жеңіп, жұбаныш белдесуде Франция және Египет спортшыларынан басым түсті. Ал, қола жүлде үшін бәсекеде неміс палуанын жеңді.
Жанбота Аманжол дзюдомен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін Азия чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық гран при жарыстарының жеңімпазы және командалық есепте Азия чемпионы атанған. Спортшының жаттықтырушысы Жандос Қиянов Жанботаға үлкен үміт артатынын айтады.
Пара дзюдодан әлем чемпионатына 41 елден келген 270 спортшы қатысуда. Олардың 7-еуі Атырау облысынан. Аталмыш жарыс 11 қарашаға дейін жалғасады.