CaspianLife, 3 қазан — Атырауда қала күніне орай эстрада жұлдызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айгүл Иманбаеваның «Достарым» атты ән кеші өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік концертті Дамбы ауылдық округінің тұрғындары тамашалады. Шара барысында өнер жұлдызы ауыл тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлап, халық жүрегінен орын алған әндерді жанды дауыста көрерменге ұсынып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
«Ал, аяулы әнші қызын ардақтай келген жұртшылық ыстық ықыластарын жеткізіп, әнсүйер қауым алған әсерлерін жасырмады. Бірі – қосыла ән шырқаса, енді бірі гүл шоқтарын тарту етті. Айта кетейік, аталған шара 3-7 қазан аралығында қалаға қарасты әр ауылдық округте өтеді», — делінген қала әкімдігінің инстаграм парақшасында.
Айгүл Иманбаеваның шығармашылық кеші Дамбыдан бөлек, Құрманғазы, Жаңаталап, Жұмыскер, Ақжар, Томарлы, Еркінқала және Берке ауылдық округтерінде де өтеді.