CaspianLife, 2 қараша — Атырауда алдағы 5 жылдықта қаладағы ескі үйлер сүріледі деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Атырауда 2022-2026 жылдар аралығында қаланы жаңарту бағдарламасы қолға алынды. Жобаны биыл жазда қала әкімдігі ұсынған болатын. Қазіргі таңда Атырауда қайта жаңғыртылатын 237 ескі үй, яғни, 3500 пәтер бар. Алдағы бес жылда апатты үйлер де сүрілмек. Шаһар басшысы мұндай бастаманы қолға алуға жаңа үйлерді салу үшін қажетті жер телімінің тапшылығы себеп екенін айтады.
«Қаланың ішінде орталықтарда салынып жатқан үйлерге сұраныс өте жоғары. Себебі, жасыратыны жоқ тұрғындар орталықта тұрып үйреніп қалған соң, Нұрсаяның өзін шет деп есептейді. Сондықтан, қала аумағында үй салатын жер қалмады. Жаңа тұрғын үйлерді салу үшін осы реновация бағдарламасын іске асырудамыз», — дейді қала әкімі Мейірім Қалауи.
Сүрілетін үйлердің басым көпшілігі Баймұханов, Әуезов, Сырым Датов көшелерінің және Азаттық даңғылының бойында орналасқан. Халықтың бір бөлігі бұл шешімді құптаса, енді бірі қаланың тарихи бөлігінің бұзылатынына қынжылады. Өлкетанушы Лев Гузиковтың айтуынша, Тұрғын үй қалашығы 2008-2009 жылдары көпір құрылысына байланысты екіге бөлінген. Бұл жерде көлік қозғалысының көбеюі үйлердің тез бүлінуіне әсер етті дейді ол.
«Жыл сайын тұрғындар мен қала қонақтарының Атырау тарихына қызығушылығы артып келеді. Сондықтан, ішкі туризмді дамыту керектігі туралы сөз де қозғалды. Алайда, біз керісінше, тарихи нысандарды қиратып жатырмыз. Алдағы онжылдықта Тұрғындар қалашығындағы үйлерді сүрсе, қаламызда 19-20 ғасырларда салынған нысандар болмайды. Демек, Атыраудың 382 жылдық тарихынан ешнәрсе қалмайды. Бір жағынан тұрғын үйлерін жақсартқысы келетін қарапайым халықты да түсінуге болады. Алайда, жергілікті әкімдікті түсіну қиын. Себебі, бұл тарихи нысандарды сақтау олардың міндеті ғой», — дейді өлкетанушы-экскурсовод Лев Гузиков.
Ал, реновацияны қолдайтын халық ескі үйлердің ешқандай жөндеуге келмейтінін айтады.
«Қабырғалары жарылып, үгітіліп жатыр. Шатыры да құлаған. Бұл үйлерді баяғыда сүріп тастау керек еді. Егер қазір жасамаса, кейін өздері құлайды. Тарих өзгермейді. Бірақ, қазіргі жағдайды өзгерте аламыз», — деді тұрғындардың бірі Алексей Цой.
Қала әкімі Мейірім Қалауидың сөзіне сенсек, шаһарда 86 тұрғын үй немесе1500 пәтер апатты деп танылған. Оларды сүріп, тұрғындарды көшіру үшін бюджеттен 40 млрд теңге қажет болады.