CaspianLife, 28 қазан — Атыраудағы мектептердің бірінде оқушылар тар кабинетте ауқаттанады. Бұл туралы HomoSapien ҚБ өкілдері жүргізген қоғамдық бақылау кезінде белгілі болды.
Қаладағы №15 Абай атындағы орта мектеп осыдан 68 жыл бұрын салынған. Мұнда оқушылар асхананың орнына тар кабинетте тамақтанады. Жағдай болмаған соң мұнда тамақ пісірілмейді, тіпті ыдыс та жуылмайды. Барлығы тасып әкелінеді. 600 баланы тамақтандырып отырған асхана қызметкерлері осылай дейді.
«Мұнда жағдай жасалмаған. Ыдыстарды басқа мектепке апарып жуамыз. Бұл жерге 32 баладан артық баола сыймайды», — дейді асхана қызметкерлерінің бірі Сымбат Сигашева.
Білім ордасындағы бұрынғы асхананың жөндеу жұмыстары осыдан 7 жыл бұрын басталғанымен, белгісіз себептермен сиырқұйымшақтанып кеткен. Қазір кабинет қаңырап бос тұр. Не жарық, не жылу жоқ. Қала берді екі кабинеттің есебіндегі спорт залдың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Ал акт зал туралы тіпті армандамаймыз дейді мектеп басшылығы.
«Қиын болсын, болмасын біз шыдап келе жатырмыз. Балаларымыздың барлығына оқу кабинеттері бар. Тек қана біздің қазіргі қиын жағдайымыз мектептегі спорт залдың тарлығы. Жоқтың қасы деп айтуға болатын шығар. Екі кабинеттің есебіне салынған спортзал», — дейід мектеп басшысы Қали Махамбетов.
Қоғамдық бірлестік мүшелері тек бір білім ордасына барумен шектелмейтінін айтады. Олар қаладағы барлық мектепті аралап шықпақ. Және ата-аналардың өтініштері мен арыздары да аяқ астында қалмайды дейді олар.