CaspianLife, 3 қазан — Махамбет ауданындағы ерлі-зайыптылардың бірі жылқы шаруашылығымен айналысып, саумалды табыс көзіне айналдырып отыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарытоғай ауылында тұратын Талап Қажимов пен Зәмзәгүл Жаңабаева 5 жылдан бері аталған кәсіппен айналысып келеді.
Теңіз кен орнында 10 жылдай қызмет еткен отағасы 2008 жылы жұмысты қойып, жылқы шаруашылығын қолға алған. Бір үйірді екі үйірге жеткізген жылқышы қазір 3 биені қолда ұстап отырғандарын айтады.
«Жылқыға қандай азық беру керегі туралы дұрыс білмей тұрып ат баптау, мал басын көбейту мүмкін емес. Бір қарағанда шөп берумен жұмыс біткен сияқты көрінуі мүмкін. Тоя жесін деп алдына үйіп-төкпей, оларға қажетті азықты өлшеп, есептеп беру керек. Жылқы үшін ең табиғи азық – шөп пен пішен. Жаңа орылған шөп болса тіпті нәрлене түседі. Жануар баптауыңа қарай сүт береді, — дейді Талап Қажимов.
Ал, жары Зәмзәгүл Жаңабаева Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде биология пәнінен сабақ береді. Қымыз бен саумал сатуды 2017 жылы бастаған әйел бұл кәсіппен айналысамыз деп ойламағандарын айтады.
«Енемнің ішкі құрылысы ауырып бастаған соң сол кісінің денсаулығы үшін бие сауып бастадым. Күнделікті үзбей ішкеннен кейін денсаулығы жақсарды. Содан бері 5 жыл бойына үзбей сауып келемін, жүздеген тұрақты клиент жинадық. Негізінен мамыр айынан бастап, қазанға дейін сауамын», — дейді Зәмзәгүл Жаңабаева.
Оның айтуынша, бір бие күніне 6-7 рет сауылады. Бір сауғанда 1 литр сүт береді екен. Одан бөлек, саумалды әр адам диагнозы мен тәбетіне қарай әртүрлі мөлшерде ішуі қажет екенін алға тартты. Қазіргі таңда, жылқы өнімдеріне деген сұраныс қалалықтардан көп келеді.