CaspianLife, 22 қыркүйек — Атырау облысында 1-4 сыныпта 65 мың оқушы, атаулы көмек алатын отбасыдан шыққан 2000 жоғары сынып оқушысы мен 61 студент бір мезгіл ыссы тамақпен қамтылған. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова мәлімдеді.
Жалпы жыл басынан бері аймақта 7780 оқушыға атаулы көмек берілді. Көмек киім кешек, оқу-құралы түрінде және соңғы өзгерістерге сәйкес мектеп формасы үшін 7 ауданның оқушыларына қаржылай берілді. Ал Атырау қалалық білім бөліміне қарасты мектептердегі оқушылар үшін берілетін 326 млн теңге қаражатқа сұраныс жіберілді.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасынан шыққан, шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай көмек ата-аналардың есеп шотына аударылады дейді Дүйсекенова. Сондай-ақ, атаулы көмектің заң аясында жүзеге асырылуын жергілікті басшылық пен білім басқармасы бақылайтын болады.